Автобуста туған ән

Кезінде тыңдарманға танымал болған «Ақ көңiлдiм, ақ арманым, Не болып жүр саған, жаным? Қаншама рет ойлансам да, Құпияңды таба алмадым» – деп келетін «Неге…неге…» әні 1998-99 жылдары жастардың сүйікті әніне айналды. Қазіргі тілмен айтқанда хитке айналған бұл ән үлкен сахналарда шырқалды. Ауыл-аймақта гитара, домбыра шерткен жастар түн жамыла аулада осы әнді шырқап отыратын.

Бозбаланың бойжеткенге деген ыстық махаббатын, көңіл қошын әдемі әнмен тербеп, жалындаған жастардың көңіліндегісін дөп басқан әннің авторлары композитор Бекжігіт Сердәлі мен ақын Рахым Балабиев болатын. Әннің шығу тарихын композитор Бекжігіт Сердәлі былай баяндайды: 1998 жылдың көктем айы болатын. Ол кезде аумалы-төкпелі заман Кентау қаласында жарық жоқ, жылу жоқ. Бала-шаға қамымен Түркiстанға қатынап жұмыс iстейтінмiн. Таксидің де қат кезі. Ескі шаһарға ескі «Пазикпен» баратынбыз. Автобустың терезе жағына отырып алып, ұзақ жолда ойға батқанды жақсы көремін. Осындайда көбіне ыңылдап уақыт өткіземін. Бірде жұмыстан қайтып келе жатып, автобус iшiнде көкейiме әлдебір әуен келе қалмасы бар ма! Үйге келдiм де, нота білмегендіктен, ескі әдетпен әлгі әуенді дереу магнитофонға ыңылдап жазып қойдым. Жалпы, қай әнді жазсам да, осылайша «негіздеп» алатынмын. Көпке дейін осы әуенді ыңылдап жүрдім. Содан демалыс күні магнитофонды қосып, шығармашылық жұмыспен айналыспаққа бекіндім. Автобуста туған әуенге сөз жазатын ақын іздей бастадым, – дейді Бекжігіт Сердәлі. Осылайша Бекжігіт Кенжебекұлы ән жазып жүрген әрбір ақындарды сүзгіден өткізіп, сырттай өлеңдерін талдайды. Махаббат жайындағы ән болу керек деп таңбалап қойғандықтан, бұл әнге өлеңді «ғашықтық дертіне мас болып, күнде ғашықтық ғазалдарын тербеп жүрген жастау ақын жазу керек шығар» деген ойға бекінгені де рас. Десек те, махаббат лирикасын төгілтіп жазып жүрген Рахым Балабиевке сенім артады. Ол тұста Рахаңның жасы 60-тан асып қалған шағы. Әйтсе де, телефон соғып, ақын ағама болашақ әннің идеясын айттым. Ән сөзінің ішінде ынтызар сүйгеніне қолы жетпей қалған арманды жанның жүрек лүпіліндей болып «неге, неге» деген сөздер жүрсінші деп қолқа салдым. Рахым аға да, жанына жақын тақырып болған соң ба, сылтау айтып қашқақтаған жоқ – дейді Бекең. Ақынға бұл әннің сөзін жазу еш қиындық тудырмапты. Баласындай көретін Бекжігіт Сердәлі қоңырау шалып, жағдайды айтқаннан – ақ, бірден қолына қалам алған. Ол кезде Кентау жүк тасымалдау мекемесінің директорымын. Бекжігіт қоңырау соққанда «неге-неге» деген сұраққа жауап беретін болсын» деп шарт қойды. Өлеңнің де шумақтары, ұйқастары тез орала берді. Сонымен сөзін бір сағаттың ішінде жазып тастадым. Бекжігітке телефонмен оқып бердім. Арада біраз уақыт өтті. Хабар жоқ. Бірде жолыққанда «ән не болды?» деп сұрадым. Ертеңіне әнді таспаға басып әкеліпті. Тыңдадық. Ұнады, – дейді ақын Рахым Базаргелдіұлы. Сөзді әуенге сала қойдым. Құйылып тұр. Әдетте ақын сөзін ән иіріміне келтіру үшін бірді-екілі тұсына азғана өзгеріс енгізетінсің, бұл жолы олай болған жоқ. – дейді Бекжігіт аға. Әнді эфирде алғаш болып әнші Хадиша Шалабаева орындады. Кейіннен клип түсірілді. Көпшілік те жақсы қабылдады. Міне, «Неге-неге?» әнінің тарихы осындай…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *