Шымкентте биіктен құлаған құрылыс материалы 22 жастағы жігітті басып қалды
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Жергілікті телеарнада айтылған мәліметке сүйенсек, оқиға 16 қазан күні кешкі сағат 5-6 шамасында болған.
Бейнедегі кадрлардан құрылыс аумағында үш жұмысшының төменде тұрғанын көруге болады.
Ал, төбеден құлаған ағаш бірінің үстіне түсіп, басып қалған.
Салдарынан «Тұран 2» шағынауданындағы құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген 22 жастағы жігіт көз жұмды.
Аталған фактіні Қаратау ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 277-бабы (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекетін бастады.
«Қылмыстық іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жалғасып жатыр» делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.